© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстанның ұлы көшті кері қайырмақ талпынысы

Соңғы уақытта Қазақстаннан кетіп жатқан техника мамандары, экономистер және педагогтардың легі толастар емес, ал орнын басып жатқандардың қатары сирек.


Режиссер Сәбит Құрманбековтың туындысы «Оралман» фильмінен скриншот

На русском English

Теріс сальдо көрсеткіші 2017 жылы соңғы 10 жылдағы антирекордқа жетті – елден 37 мың адам кетті. Жағдай 2018 жылы тек нашарлай түсті: екі айда Қазақстаннан шет елдерге 4500 адам қоныс аударған. Бұл 2017 жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 32% артық. Үкімет оралмандарды көшіру бағдарламасына үлкен сенім артып отыр. Бірақ бұл үміт ақтала ма?

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова биылғы маусымның соңында Қазақстанның қазіргі көші- қон заңы елдің экономикалық, әлеуметтік және демографиялық даму қажеттіліктеріне жауап бермейді, себебі еңбек мигранттары мен оралмандардың бейімделуі мен сіңісуіне мүмкіндік туғызбайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар Әбілқасымова мемлекеттің еңбек рұқсаттарын беру жүйесін жетілдіруді, шетелдік еңбек күшін тарту мен квота тағайындау механизмдерін жетілдіруді, одан бөлек іскерлік мақсатта елге кіру ережелерін жеңілдетуді жоспарлап отырғанын да жеткізді. Сөз соңында министр осы шаралардың нәтижесінде елге 40 мың білікті маман келеді деген аса зор мәлімдеме жасады. Бұл сәтте басты екпін оралмандарға жасалған еді, Мәдина Әбілқасымованың сендіруінше, жыл сайын тарихи отанына оралушылардың саны 20 мыңнан кем болмайды.

Солтүстіктен оңтүстікке

«Менің атым Ермек. Жасым 37- де. Мұнда (Шығыс Қазақстан, Шығыс ауылы – еск.) 2011 жылы Өзбекстаннан келдім. Өзбекстанда жұмыс жағы қиын болды, оның үстіне отаныма қайтқымыз келді, бүкіл құжаттарымызды жинадық та, келдік. Келген кезде ауылымызда проблема көп болатын, бірақ қазір бәрі тәуір. Ақша табу қиын, базарда жұмыс істеймін. Қалаға барып жұмыс істейтін жағдай жоқ, ол жақта орыс тілін керек, мен болсам орысша білмеймін», – дейді ауылда қоныстанған азамат.

Былай айтқанда, Ермек – ортасатистикалық оралман, 27 жылда ол сияқты елге оралғандардың саны миллионнан асып жығылады: барлық оралманның 61%-і сияқты, Ермек те Өзбекстаннан келген, елге қайтқан этникалық қазақтардың 55%-і сияқты жалпы орта білімі бар. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сенсек, тағы 25%-інің орта арнаулы білімі бар, оралмандардың 12%-і жоғары білімді, ал 8%-і ешқандай білім алмаған. Ермекті басқаларынан ерекшелеп тұрғаны тек қоныс тепкен аймағы – ол көбі сияқты елдің оңтүстігінде емес, шығысында тұрады. Оңтүстік Қазақстан – халқы ең тығыз өңір, сәйкесінше мұнда жұмыс күші көп. Дегенмен, ақша табу қиындау болса да, оралмандар үшін бұл жерде тілдік орта ыңғайлы.

«Оралмандар басына таяқ боп тиетін бірінші мәселе – тіл. Посткеңестік Қазақстан әлі толығымен мемлекеттік тілге көшіп болмады, алқының жартысынан астамы әлі де орысша сөйлейді. Солтүстік және шығыс аймақтарда қазақша білеін жергілікті халықтың саны аз», – дейді кезінде оралмандарың құқығының қорғалуы үшін күрескен белсенді, ал қазір болып табылатын AlmaKZ ақпараттық–сараптамалық порталының редакторы Ұлан Шәмшет.

Ал Әлемдік экономика мен саясат институтының сарапшысы Серік Бейсембаевтың айтуынша, бейімделу шағы Қытайдан келген қазақтарға аса ауыр тиеді.

«Өзбекстаннан келіп жатқан оралмандар – өзіміз сияқы Кеңес одағынан шыққан адамдар. Олардың қазақстандық қазақтардан айырмашылығы соншалықты қатты да емес. Оның үстіне олар өте тез бейімделіп кететін топ. Ал Қытайдан оралғандардың жағдайы дегенмен басқаша. Ол жақта Кеңес одағының ықпалы болмады, бұл қазақтар орыс тілін білмейді, төте жазумен жазады», – деп атап өтті Серік Бейсембаев.

Тілдік кедергі – репатриациялық бағдарламаның бір ғана проблемасы. Мемлекет дабыра қылып, оңтүстік өңірлердегі оралмандарды солтүстікке көшіру туралы мақсат қойғанына біршама болғанымен, мұның бәрі сөз күйінде қалды. Статистикаға көз салсақ, 2018 жылдың сәуірінің соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысына басқа өңірлерден бар –жоғы 203 адам қоныс аударған, ал көшуге бөлінген квотаның саны – 3445. Көші-қон бағдарламасын да, мемлекеттің шетелге кетіп жатқан мамандарлың орнын толтырамыз деп тырысқан ғаламат жоспарларын да тежейтіні – жұмыс пен баспана мәселесі.

Ең алдымен, баспана. Қазіргі уақытта көшуге ниеттілерге квотамен бірге баспана жалдауға кететін шығынды өтейтін 12 ай төленетін субсидия қарастырылған. Ал 12 ай өткен соң шығынды өз мойнына алуы керек. Солтүстікте оңтүстіктегідей арзан баға жоқ екендігі осы кезде ғана белгілі болады.

Екіншіден, жұмыс. Облыстық otyrar.kz сайты 2018 жылдың сәуірінде СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі Сергей Яковенконың көрнекті статистиканы таныстырған сөздерін дәйекке келтірген еді.

«Көшіп келгендердің 89-ы – еңбекке жарамды жасындағы адамдар. 26 адам жұмыспен қамтылды, 24 адам бала күтімі бойынша демалыста, екі әйел үй шаруасында, тоғызы жеке кәсібін ашуға ниетті жандар және 28 адам жұмыссыз», – делінген Сергей Яковенконың дәйексөзінде.

Мұндай қиындықтың себебі неде? Былай қарасаң, ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік толып жатыр, алайда, дейді Ұлан Шәмшет, солтүстікте екі қолға бір күрек табудың ыңғайы қиын соғып тұр.

«Солтүстік аймақтардағы дәстүрлі кәсіп – жер өңдеу, нан өсіру. Бірақ жерлердің барлығы жекеменшік шаруа қожалықтарының меншігінде, көп жерлердің иесі бар. Енді осы жерлерді басқаларға бөліп беруге, оларды кәсіппен шұғылдануына мүмкінкіндік бере ала ма? Біздің мемлекетте бағдарламалардың көпшілігі сөз жүзінде ғана бар, ал жүйелі түрде жүзеге асыру жоқ. Оның үстіне жергілікті басшылықты сайлау арқылы таңдаудың жоқтығынан мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүргізілуіне ешкім кепілдік бермейді, өйткені облыс, аудан, ауылдардың әкімдері жылда ауыса беруі мүмкін», – дейді Ұлан Шәмшет.

Бюрократиялық сергелдең

Режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі

Проблема бар, оны үкіметтегілер мойындап та отыр, ақша болса бөлініп жатыр, ал Ресей, Германия және АҚШ асып жатқан жоғарыбілікті мамандардың қатары толастар емес. Биліктегілердің қолынан келетіні әкімшілік шешімдер шығару ғана: аздаған уақытта Қазақстанға тек отбасымен ғана емес, жалғыз қайтуға да болады, ал азаматтық алу процедурасы барынша жеңілдетіледі деген уәделер айтылуда. Үкіметті мақтайтын сәт енді туды-ау деп ойларсыз, бірақ түптеп зерттей келе, шикі тұстарды байқаймыз.

«Оралмандардың бұрын да болған, қазір де бар бас ауруы – азаматтық алу. 2007-2009 жылдары оралман куәлігін алғандар азаматтыққа өтініш тастай алмайды. Адамдар оралман статусында белгілі бір мерзімге дейін ғана бола алады. Ал ұзарту қазіргі заңнама бойынша мүмкін емес», –  дегенді айтады оралмандар мәселесіне ұзақ уақыттан бері ден қойып жазып жүрген «Дидар» газетінің журналисі Мұратхан Кенжехан.

Бұл проблеманың бар екендігін айып жүргендердің тағы бірі – Серік Бейсембаев, Әлемдік экономика мен саясат институтының сарапшысы.

«Басты проблема әкімшілік және бюрократиялық кеңістікте жатыр. Келіп жатқан адамдардың өтінішіне құлақ асып жатыр ма. Заңнаманың жиі өзгере беруінің салдарынан адамдар құжаттарын реттей алмайды. Тіпті көші-қон саясатымен айналысатын құрылым да тұрақтай алмай қойды. Біресе Миграция комитеті болады, біресе ІІМ, біресе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысады. Ведомстволар арасындағы қарым-қатынастың күрделілігі де мәселені шиеленістіре түскен – құжат ресімдеу, жұмысқа тұру сияқты көптеген процестерді қатты қиындатып отыр», – дейді спикер.

Ведомстволар арасындағы қарым-қатынастың күрделілігі де мәселені шиеленістіре түскен – құжат ресімдеу, жұмысқа тұру процестерін қатты қиындатып отыр, – Серік Бейсембаев.
Оралмандардың азаматтық алуы жеңілдетілгеніне бірнеше жыл өтсе де, әлі күнге дейін азаматтық алып үлгермей жүрген жайттар аз емес, бұл жөнінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі де айтады (мысалы, құжаттардағы проблема кеш анықталады немесе адам қай мәселесін ведомствоға барып шешетінін де білмейді), солайша уақытын өткізіп алған оралмандар азаматтық алу мүмкіндігінен мүлдем айырылады. Мұның барлығы қыруар экономикалық шығын. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан осындай қаншама шығынға батты?

Өкініштісі сол, оны біз анық біле алмаймыз. Себебі оралмандар мәселесімен айналысатын құзырлы органдардың ауыса беруі салдарынан бұл проблеманы шешуге қанша қаражат жұмсалғанын білу мүмкін емес.

Редакцияның репатриация бағдарламасына жетекшілік ететін органға (ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті) жолдаған ресми сауалына алған жауаптан белгілі болғандай, репатриацияға жұмсалған қаржының көлемі белгісіз.

«1991 жылдан бері миграция саласының мәселесімен түрлі мемлекеттік органдар – ҚР көші-қон және демография агенттігі, ҚР ІІМ, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және тағы басқалары айналысты. Осы себепті мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат есебі жөніндегі ақпаратты беру мүмкіндігі жоқ екендігін хабарлаймыз», – делінген Комитет жауабында.

Қалай болған күнде де, кей ақпарат құралдарында 2009 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында бөлінген 197 795,6 млн теңге туралы мәлімет жариянған еді, алайда оның қалай жұмсалғаны жөніндегі есептер жарияланбады. Сонымен қатар БАҚ беттерінде 2009-2011 жылдары репатриация бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мембюджеттен 27 млрд теңге қарастырылғаны жөнінде жазылған болатын. Бірақ оралмандарға арналып салынған үйлер саны, оған жұмсалған қаржы туралы деректер жарық көрмеді, сәйкесінше, мәлімет тексеру мүмкіндігі де жоқ.

Осының барлығынан бөлек анықтағанымыздай, Электронды үкімет порталында жарияланған Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарының басым бөлігінің контактілері жалған болып шықты. Айталық, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы Бейімдеу орталықтарының телефондарын ешкім көтермеді, ал Солтүстік Қазақстан облысындағы орталыққа хабрласқан оралман бұл номер бойынша басқа мекеме отырғанын біледі.


Жалпы картина

Ұзақ уақыт бойы оралмандармен тығыз байланыста болған Ұлан Шәмшеттің айтуынша, елге оралу жасы үлкен қандастарға ауыр тиеді. Қандай да болмасын жұмыс табылуы мүмкін, бірақ ақша тапшылығы қатты қинайды. Олардың балаларына да қиын.

«Балалар тезірек үйреніседі, олар ата-анасына көмектесуге бейім тұрады. Оралмандардың көбі кедейлік шегінен төмен күн көреді, сондықтан балалары жоғары оқу орындарында оқуы екіталай, ал шетелде білім алу туралы армандай берсе де болады. Балалар кішкентайынан осы қиындықтарды көріп өседі, дегенмен, бір жағынан таршылықта шынығып өседі, бала кезден бәсекеге қабілетті болуға тырысады», – дейді Ұлан.

Үкімен қандай зор мәлімдеме жасаса да, Қазақстан Израиль тәжірибесін қайталай алмасы анық. Израиль басшылары «Алия» деп аталған репатриациялық бағдарламаның мемлекетті құтқарып қалғандығын үнемі айтады. Бірақ бағдарлама ә дегеннен бірден жайлы болмаған еді. Алғаш кезде репатриация елдің әлеуметтік- экономикалық жағдайына айтарлықтай теріс ықпал етті. 1949 жылы шенеуніктер 130 мың жаңа репатрианттарды қоныстандыруды бастады. Оларды жұмыспен және қалалық негізгі қызметтермен қамтамасыз етуде туындаған қиындықтар салдарынан, тұтас аудандар кедейлер кварталдарына айналды. Ақыр соңында Израиль билігі әліне қарай әрекет ету керектігін түсінді: мемлекет үшін ауыр кезеңде өзі асырай алмайтын адамдарды елге тартуға миллиардтаған қаражат жұмсағанымен, репатрианттардан ешқандай экономикалық пайда болмайды.

Ал Қазақстанда оғаш жағдай – жоғары білікті мамандардың кетуінен үрейленсе де, олардың орнын 20 мың басады деп мәлімдеуден танбай отыр, сондағысы мұның бәріне қанша ақшасы кеткенін де білмейді, ал келгендерді орналастырып, қамтамасыз етуге шамасы жетпейді. Елден кетіп жатқандардың басым бөлігі – білімді жастар екендігі аса маңызды. Оның себебі не екендігін әлеуметтік ғылымдар магистрі Құрмет Адамов ой қозғайды.

Құрмет Адамов. Фото: fmo.enu.kz

Себеп бірнешеу. Біріншісі – берілетін білімнің сапасы нашар. Мысалға Қытайды алуға болады, ол жақта қытай тілін үйренгісі келетін студенттерге тегін оқуы мен тұруына гранттар бөлінеді. Осындай принцип Ресейде де бар, сапалы білім беріп, оқуын бітірген соң жұмыспен қамтамасыз ету сияқты тиімді ұсыныс жасай отырып, қазақстандық жастардың ішіндегі ең мықтыларын өзіне тартуда. Екіншісі – тарихи отанына оралуды мақсат тұтады. Эмигранттардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері. Үшіншісі – экономикадағы тоқырау. Төртіншісі – тіл мәселесі. Биліктің қазақ тілін латын әліпбиіне көшіреміз деген бастамасы орыстілді халықты тезірек елден қоныс аударуға итермелеуде. Ал бесіншісі – трайбализм мен коррупция», – дейді Құрмет Адамов.

Бұл жағдайда не істеу керек? Репатриация бағдарламасын түбегейлі өзгерту керектігі түсінікті, бірақ сонымен қоса ауқымды өзгерістер де керек, себебі қазіргі нәтижелер тым жарамсыз, дейді сарапшылар.

«Ақыл көші» проблемасын «кері миграция» саясатын қолға алса, яғни елге дайын мамандарды қайтарып, оларға бәсекелестік жағдай туғызу арқылы шешуге болады. Бірақ ол үшін лайықты орта жасау керек. Біріншіден, бұл дегеніміз бәсекеге қабілетті саяси және экономикалық жағдай жасау, яғни «әлеуметтік лифтілері» мол болуы және белгілі бір топ өкілдеріне ғана карьералық өсу мүмкіндігін туғызып отырған «трайбализм» немесе «аға-көкелер» (қалай атасаңыз да өз еркіңіз) проблемасын жою», – дейді Адамов.

«Екіншіден, халықтың әл-ауқатының өсуіне ыңғай жасау қажет, сол арқылы орта тап өкілдерінің көбеюіне жағдай туғызу керек. Үшіншіден, тең мүмкіндіктер дегеніміз – сапалы білім алуға тең мүмкіндіктер туғызу, яғни диплом емес, өмір бойы дамуға жол ашатын қабілеттерді тәрбиелейтін білім. Бұл ретте сапалы білім алуға тең мүмкіндік барлық аймақтарда болуы шарт, Астана мен Алматыда ғана емес. Төртіншіден, нәтижесінде жай ғана жаңа технологиялар емес, барлық саланы дамытатын идеялар, жобалар, ілім жасалатын, қолданысқа икемді де өміршең және теориялық жағынан мықты инновациялық экономиканың дамуы қажет», – деп түйіндеді маман.

Хадиша Акаева — CABAR.asia аналитикалық журналистика мектебінің түлегі


Бұл материал «Giving Voice, Driving Change — from the Borderland to the Steppes Project» жобасы аясында жазылды. Жоба Норвегия Сыртқы Істер Министрлігінің қаржылай қолдауымен жүзеге асуда.