© CABAR – Центральноазиатское бюро по аналитической журналистике
При размещении материалов на сторонних ресурсах, гиперссылка на источник обязательна.

Қазақстандағы христиан азшылығы: жуас түйе жүндеуге жақсы

Дүние жүзі бойынша қудалауға ұшыраған христиандарға жәрдем беретін  халықаралық «Open doors» ұйымының деректеріне сүйенсек, Қазақстан Орталық Азияның тағы үш елімен қатар «Иса Мәсіхке сыйыну сөзсіз қауіп тудыратын» мелекеттер тізіміне енді. Дегенмен, ресми Астана өз елін «діни еркіндік пен келісім өнегесі» деп таныстырады.


English На русском

Қызметі дүние жүзі бойынша қудалауға ұшыраған христиандарға жәрдем беруге бағытталған халықаралық «Open Doors» («Ашық есіктер») ұйымы «Иса Мәсіхке сыйыну сөзсіз қауіп тудыратын» елдердің рейтингісін жасап шықты. Бұл тізімде Қазақстан 34–орыннан табылып, өзімен көршілес жатқан Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан елдерінің жанынан жайғасты.

Бұл елдердегі қудалау үш деңгейдің екіншісіне – «қудалаудың жоғары деңгейіне» жатады. Зерттеу авторларының пікірі бойынша, мұндай сипат Орталық Азия елдерінде орнап отырған «диктаторлық паранойямен» түсіндіріледі.

Жалпы, мұсылмандар саны басым елде 19 миллионға жуық адам тұрады. Ал неохристиандық ағымдардың өкілдері  мемлекеттің шіркеу және дін ұстанатын адамдардың жеке өміріне қол сұғушылығы шектен шығып бара жатқанын айтуда. Неохристиандар Қазақстанда кейбір исламдық ағымдар, кришнаиттер және жаңа діндер (сайентологтар, бахаистер, Қасиетті Русь Қосажаратушыларының Одағы, т.б.) сияқты «дәстүрлі емес» діндер деген бейресми статусқа ие.

Бұл зерттеуде «Дін саласы мемлекеттік және мемлекетке қарайтын институттардың бақылауынан тыс әрекет ете алмайды. Протестант шіркеулерінің өкілдері үкіметті құлатуды көздейтін бөтен секталардың жолын қуушылар ретінде қарастырылады деген түсінік қалыптасқан. Оларды шамадан тыс қадағалау мен қызметін жою қажеттілігі осы себептен туындап отыр», – делінген.

Протестант шіркеулерінің өкілдері үкіметті құлатуды көздейтін бөтен секталардың жолын қуушылар ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар, құжатта христиан дініне өткен мұсылмандар отбасы мүшелерінің, араласатын ортасының және жергілікті қауымдастықтардың тарапынан қысым көріп, тіпті кей жағдайда ислам дініне қайтаруға тырысқан зорлық әрекеттерінен зардап шегетіні атап көрсетілген.

Қалай дегенмен, христиандардың өміріне үлкен ықпалын тигізіп отырған – мемлекеттік органдар: полиция, арнайы қызметтер және жергілікті билік органдары:

Діни бостандық 2011 жылы шыққан Діни қызмет туралы заңмен шектеліп қойған. Қазақстан үкіметі жалпы қоғамды бақылауды күшейту бойынша  жұмысты жалғастырып келеді, ал бұл дегеніміз – күшейтілген қадағалау, бас қосылған жерлерге полициялық рейдтер мен тұтқынға алу шаралары.

«Жағдайды өздеріңіз де түсініп отырсыздар»

«Дәстүрлі емес» христиандық конфессиялардың мүшелері қазір әліптің артын бағып отыр. «Open Doors» зерттеуінің нәтижелеріне қатысты пікір білдіруін төрт протестанттық бірлестіктің офистерінен өтінген едік. Алайда олар еш себебін түсіндерместен, жауап беруден бас тартты. Тек бір офистегі жауап: «жағдайды өздеріңіз де түсініп тұрсыздар ғой» болды.

Қазақстандағы Орыс православие шіркеуі Митрополиттік округінің кеңсесінен өкілетті тұлғалар орнында жоқ, 6 ақпанға дейін болмайды деген себеппен жауап ала алмадық.

Алексей (есімі өзгертілген) – штаб–пәтері Оңтүстік Кореяда орналасқан ірі «Благодать» шіркеуінің мүшесі. Оның айтуынша, діни қауымдастықтар мемлекеттің назарын өзіне аударта бермеуге тырысып бағады:

– Жалпы, бізде бәрі тыныш деуге болады, бірақ біз үнемі бақылауда екенімізді, әсіресе басшылықтың жіті қадағалауында екенімізді білеміз.

Шіркеуден бөлек біз құдайға құлшылық ету үшін үйде жиналып тұрамыз. Бірақ енді барынша абай болуымыз керек, аса танымайтын адамдарға діни ұстаным–көзқарастарымыз туралы айтпауға тырысу қажет.

Дегенмен, қалай сақтансақ та, қажеттілік туындаған кез келген сәтте бізді жаба салады. Біз бұған дайынбыз, бірақ ондай жағдай болмасын деп сыйынамыз.

Аса қатты алаңдататын мемлекет

Қазақстанда христиандар ғана емес, өзгелердің де  дін ұстану бостандығы шектеліп жатқандығы туралы басқа құжаттарда да айтылып жүр.

АҚШ Діндердің халықаралық бостандығы жөніндегі комиссиясы дүние жүзі бойынша діндарлардың құқығы бұзылуы жайындағы өзінің 2017 жылды қамтыған соңғы баяндамасында Қазақстандағы жағдай туралы негізгі қорытындысында мына жайттарды атап өткен:

«Бір жыл ішінде 20 адам діни ұстанымдарын бейбіт түрде білдіргені үшін түрмеге қамалды, оның ішінде «Ехоба куәгерлері» мен «Таблиги Джамаат» миссионерлік қозғалысының ерушілері бар.

Үкімет бөтен деп таныған діндердің уағыздалуынан және діни қарым–қатынас саласындағы ресми саясаттың сынға алынып немесе наразылық туындауынан қорқады. Бұл өз кезегінде елді Халықаралық дін бостандығы туралы актісіне (IRFA) сәйкес «аса қатты алаңдататын мемлекеттер» қатарына қосуға негіз береді, өйткені мұнда стандарттардың «жүйелі, үнемі, сорақы» түрде бұзылуының кемінде бір сипаты бар».

Сонымен қатар, 2018 жылы Forum 18 деп аталатын әлемдегі ар–ұждан бостандығы құқығын бақылайтын норвегиялық ұйым Қазақстандағы діни бостандық жағдайы туралы 15–жылдық зерттеуін тәмамдады. Қорытындылары көңіл көншітерлік емес.

Құжатта атап көрсетілгендей, елде ар–ұжданына қатысты жауапқа тартылғандардың, діни ұстанымдарын білдіргендері үшін сотталғандардың саны артқан, кәмелетке толмағандардың дін ұстану бостандығын шектеу күшейген, дін міндетті түрде алдын ала цензурадан өтуі тиіс, және т. с. с.

«Forum 18» зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы діни бостандықты айтарлықтай шектейтін фактордың бірі – 2011 жылғы Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заң.

Ал бұл кезде Қазақстанның Қоғамдық даму министрлігі (кейін 2018 жылдың маусымында атауы Дін және азаматтық қоғам істері жөніндегі министрлік деп өзгертілген) Informburo.kz ақпараттық агенттігіне өткен жылдың басынан бері діни сенім бостандығына құқығы бұзылды деген бір де бір арыз түспеді деп мәлімдеген.

Норвегиялық зерттеушілер сонымен қатар Қазақстанда адам құқығының сақталуы жайында талқылау құпталмайтындығына назар аударады.

«Биліктегілер кейбір діни қауымдастықтар мен жекелеген адамдарды БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңесінің Универсал мерзімдік шолуына, БҰҰ–ның дін және сенім бостандығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысымен, сондай–ақ БҰҰ–ның бейбіт жиналыстар мен қауымдастықтар мәселесі жөніндегі арнайы баяндамашысымен кездесулерге қатысуға рұқсат жоқтығы туралы ескертіп қойған».

Арнайы баяндамашылардың екеуі де елге сәйкесінше 2014 және 2015 жылдары ресми сапармен келген болатын.

Діни толеранттық орталығы?

Теймур Ахмедов. Photo: RFE/RL

Қазақстанда жүздеген мұсылмандар «Хизб ут-тахрир» және «Таблиги Джамаат» сияқты тиым салынған ұйымдар мүше болғаны үшін, діни араздық тудырғаны және экстремизм мен терроризмді насихаттағаны үшін қамауға алынып отыр. Ал былтыр халықаралық деңгейдегі қысым арқасында Астана түрмеге қамалған соңғы христианды босатты. «Ехоба куәгерлері» жолын қуушы Теймур Ахмедов 2017 жылы діни тақырыптарда сұхбат құрғаны үшін «діни араздық тудырды» деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айрылған еді, енді ол бостандықта.

Дегенмен, христиандық діни ағымдардың өкілдеріне, сондай–ақ тіпті дінмен байланысы жоқ адамдарға да қатысты үнемі ақылға қонымсыз айыптар тағылып, әкімшілік істер қозғалады.

2017 жылдың жазында елдің шығысындағы «Жаңа өмір» шіркеуінің пасторы Виталий Затолокинді демалыс аймағында басқа діндарлармен қосылып ән айтқаны үшін жауапқа тартылды. Дін істері жөніндегі басқарма бұл әрекетті «діни жора» деп таныған.

Сондай–ақ, Шығыс Қазақстанда 2018 жылы Зайраш Ахметованы тегін хабарландырулар жариялайтын сайтта құны 1,5 АҚШ доллары болатын, бұрын мемлекеттік сараптамадан өткен «Інжіл әңгімелері» кітабын сатуға қойғаны үшін айыппұл төлеуге кескен. Оған «заңсыз миссионерлік қызмет» бабы бойынша айып тағылып, 250 АҚШ доллары көлеміндегі айыппұл салынған. Судья сонымен қатар кітапты жою керек деген үкім шығарды.

VI Әлемдік және дәсүрлі діндер көшбасшыларының съезі. Photo: mfa.kz

Қалай болған күнде, ресми Астана өзін діни толеранттық орталығы деп таныстыруға тырысып бағуда, ал 2003 жылдан бастап тұрақты негізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізіп тұрады. Атынан көрініп тұрғандай, Қазақстанда мойындалмаған діндердің өкілдері бұл шараға қатыса алмайды. Кезекті осындай съезд Астанада былтыр өткен еді.

Ашылу салтанатында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев:

Қазақстанда 3500 діни субъект, 18 түрлі конфессия тіркелген. Діндердің осындай әр–алуандығына қарамастан, біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен діни бостандықты қорғау мәселесінде тепе–теңдікті сақтай алдық (дәйексөз Informburo.kz бойынша келтірілді)

Діни сеніміңді білдіруге жол жоқ

Былтыр ЕҚЫҰ–дағы адамзаттық өлшем жөніндегі жыл сайынғы кеңесінде Қазақстан атынан қатысқан спикерлер арасында «Ақжайық» адам құқықтарын зерттеу орталығының» жетекшісі Қанағат Нұрмұхамбетов баяндамасын таныстырды. Оның айтуынша, мемлекет билігі әлдебір заңға қайшы әрекетімен көзге түспесе, қандай да бір діни ұйымдардың қызметін шектеуге мүдделі емес. Алайда:

«жақын мерзімде қазақстандық қоғамда жаңа діни ағымдарға қатысты сыңаржақ пікір сақтала беретін болады. Оның себебін жергілікті халықтың дәстүрлі мәдениет пен наным–сенімдерге беріктігімен түсіндіруге болады».

Бұрындары Қанағат Нұрмұхамбетов мемлекет көмегімен құрылған «Батыс Қазақстан облысы діни ағымдардан зардап шеккендерге жәрдем көрсету орталығын» басқарып келген. Елде мемлекет тарапынан діни сенімі бойынша қысым көрсетілуі мүмкін деген мәлімдемелерді үнемі жоққа шығарып жүрген.

Айнур Абдирасилкызы. Photo: mazhab.kz

Қазір Қазақстанда діндер мәселесімен ресми ведомстволардың бірқатары айналысады. Әр аймақта қала әкімшілігі жанынан құрылған Діндер ісі жөніндегі басқармалар жұмыс істейді. Бірақ ең алдымен бұл Қоғамдық даму министрлігі және сонымен тікелей байланысты Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы мен Дін мәселелері жөніндегі ғылыми–зерттеу және сараптамалық орталығы. Екіншісінің тізгіні Айнұр Әбдірасылованың қолында.

– Біз Қазақстанның бұл тізімге кіргізілуіне еш негіз жоқ  деп санаймыз.

Былтыр Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстандағы Орыс православие шіркеуі Митрополиттік округімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар Қазақстан Ватиканмен тығыз байланыс орнатқан, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізіп тұрамыз және үкімет жанынан құрылған Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің консультациялық–кеңесші органы аясында дін мәселелері талқыланады.

Осы себепті Қазақстанда барлық діндердің өкілдеріне барынша қолайлы жағдай жасалған және діни негізде әлдекімдерді қудалауға еш негіз жоқ деген түйін жасауға болады.

Іштей сен не нәрсеге сенем десең де өз еркің, бірақ діни сеніміңді сыртқа білдіруге жол жоқ.

Өз кезегінде, қазақстандық адам құқығын қорғаушылар 2011 жылдан бері діни азшылықтарға қатысты жағдайдың ушығып тұрғанына назар аудартып келеді. Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис «Open doors» жасаған түйіндердің таң қалдырмағанын жеткізді:

Евгений Жовтис. Фото: Ярослав Радловский

– Шынтуайтына келсек, Қазақстанда арнайы діни «резервацияларда», яғни нақты діни ғимараттарда құдайға құлшылық жасап, арнайы әдебиет таратуға рұқсат берілген, қалған әрекеттердің бәріне тиым салынған. Іштей иман етуден басқасына. Іштей сен не нәрсеге сенем десең де өз еркің, бірақ діни сеніміңді сыртқа білдіруге жол жоқ.

Дінді тұтастай таңбалап тастаған. Бұл сөздің ресми түрде мойындалған діндерге қатысы жоқ, ал қалған діндер толығымен мемлекет қадағалауынан тыс шықпаса болғаны. Және бұл процесс белең алып келеді.


Бұл мақала IWPR «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа бағытталған ашық диалог» жобасының аясында әзірленді.